Шешендік өнер
Шешендік өнер өте ерте замандардан келе жатқан ділмәрлықтың, тапқырлықтың, көсем сөзшілдіктің жарқын үлгісі. Ол әр халықта, әр замандарда болған. Шешендік өнердің жалпы тарихы ежелгі грек философтарымен, данышпан-шешендермен байланысты. Ежелгі грек ойшылдары Сократ, Платон, Демокрит. Демосфен, Анахарис, Плутарх, Цицерондар өздерінің философиялық-эстетикалық трактаттарында шешендік өнер туралы кең толғап жазған. Олар оны «риторика» деген терминмен астастырған. Грек ойшылдары адамның ұшқыр ойы мен ұтқыр сөзінің арасындағы логикалық байланысты қарастырған. Сөз – ойдың тікелей шындығы екендігін алғашқылардың бірі болып солар айтты. Олар ой мен сөздің ара қатынасын одан әрі тереңдей қарастыра келе, көркем ой мен көркем тіл мәселесін эстетикалық тұрғыдан саралады. Олар шешендікті данышпандық деп қабылдады және оның түпкі мәнін біліммен байланыстырды. Ал білім – танымның негізі деді. Қалай айтқанмен де ұтымды сөйлей білу, кез келгеннің қолынан келмесе керек. «Көшпелілердің мыңжылдықтарға баратын ұзақ тарихы дала данышпандарын қалыптастырды. Табиғатпен телі өскен, заттар мен құбылыстардың, жалпы болмыстың сырларын өзінше қабылдаған байырғы көшпелілер ең әуелі сөзді кие тұтты. Олар адам болмысындағы һәм жаратылысындағы тілге айырықша мән берді. Сөздің магиялық сырын жақсы түсінді. Осыған байланысты қазақта қаншама мақал-мәтелдер, қанатты сөздер бар. Айталық: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «жақсы сөз – жарым ырыс», «аяғы жаман төрді, ауызы жаман елді былғайды», «басқа пәле тілден», «тілге аспандағы бұлт та азады» т.б. Қазақ халқының мақал-мәтелдері, қанатты ділмәр сөздерінің барлығы шешендік өнердің жарқын үлгісі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Қазақ тілінің бай лексикасындағы фразологизмдер де шешендік өнердің айқын көрінісі. Мұндай тіркестерде айтылар ойды баламалап, салыстыра отырып, өте қысқа түрде жинақы берудің үлгісі бар. Мысалы: «жауыр атқа қамшы ауыр». Осы фразологиялық қолданыста жалпы алғанда мүмкіндігі шамалы, қолы қысқа, жағдайы жоқ адамның кез келген мәселені шешуде қиналатындығын, оған бек ауыр тиетіндігін меңзеп айтқан. Мұндай тіркестерде меңзеу басымырақ болады. Сонымен бірге сөздерді аллитерациялық-ассонастық тұрғыдан қолдану да, ұйқасқа құрай сөйлеу де шешендіктің белгісі болады.