Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің негізгі бағыттарының бірі музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі болып табылады.Ережеге сәйкес бөлімнің негізгі міндеттері – музейлік-танымдық жобаларды, бағдарламаларды, үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру, балалар мен жасөспірімдердің тарихи ойлау қабілетін, патриоттық және рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыру, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Жобалар әр жас тобының психофизиологиялық, эмоционалды және әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, балалар мен жастардың әртүрлі жас топтарына бағытталған.
Бөлім жұмысы Астана қаласының білім беру ұйымдарымен және мекемелерімен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Бөлімде мәдени-танымдық іс-шаралар – музей сабақтары,квесттер, танымдық-ойын бағдарламалары, экскурсиялар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, Muzei Time (тест сұрақтары мен жауаптары), мәдени-ағарту жобалары аясында жүзеге асырылатын тақырыптық кештер кешенді түрде жүргізіледі. «Музейдегі мектеп күні», «Тарихи тұлғалар», «Шаңырақ», «Әсемдікке құштарлық», «Қызықты этнография», «Дана» студенттік клубы және «Мейірім» әлеуметтік жобалары мен «Кескіндеме және графика» көркемсурет студиясы, «Қолөнер ғаламшары» үйірмесі де жұмыс істейді.
«Музейдегі мектеп күні» жобасы. Жоба мектеп оқулықтарында берілген тақырыптарға сәйкес, ҚР Ұлттық музей қорындағы жәдігерлерді пайдалана отырып, 5-9 сынып оқушыларының Қазақстан тарихы пәні бойынша теориялық білімін практика жүзінде бекітуге бағытталған. Интерактивті сабақтарды музейдің жетекші мамандары мен тарих пәні мұғалімдерімен бірігіп өткізеді. Сабақ кезінде оқушылар музей экспозицияларындағы жәдігерлердің көшірмелерін ұстап көріп, жақын танысуына мүмкіндік жасалады. Сабаққа өтінімдер 7 күнтізбелік күн бұрын қабылданып, әр бейсенбі сайын түске дейін және түстен кейін 2 сабақтан өтеді.
«Тарихи тұлғалар» жобасы. Балалар бұл жобада қазақтың тарихи тұлғалары – батырлар, хандар, ақын-жазушылар және т.б. белгілі тарихи тұлғалармен танысып, олардың өмірбаяны мен шығармашылығын, ел дамуына қосқан үлестері мен жетістіктерін білетін болады. Іс-шаралар форматы: музейлік сабақ, шығармашылық кеш, кездесу, дәріс, т.б.
«Шаңырақ» жобасы. Жоба Қазақстан этностарының мәдениетімен, олардың қолөнер кәсібінің құпиясымен және ерекше ұлттық мерекелерімен таныстырады. Іс-шаралар форматы: музейлік сабақ, квест сабақ, ойын сабақ, концерт, т.б.
«Әсемдікке құштарлық» жобасы. Жоба әр түрлі жас ерекшелігіндегі оқушылардың әсемдік пен сұлулық туралы түсініктерін кеңейту, балалар мен жас өспірімдерді сұлулықты, әсемдікті сезініп, бағалай білуді үйретуге, жас ұрпақтың эстетикалық талғамдары мен шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған. Іс-шаралар форматы: музейлік сабақ, квест сабақ, шеберлік сағат, т.б.
«Дана» жобасы. Жастар арасында музейлік-білім беру қызметін арттыру, ұлттық құндылықтарды шығармашылықпен насихаттау, олардың эстетикалық талғамын дамыту мақсатындағы жоғарғы, орташа-арнайы оқу орындары студенттеріне және жоғары сынып оқушыларына арналған музейлік-білім беру бағдарламасы. Іс-шаралар форматы: музейлік сабақ, кездесу, шеберлік сағат, т.б.
«Қызықты этнография» жобасы. Жоба музей келушілеріне Қазақстан Республикасы халықтарының мәдениетімен интерактивті түрде танысуға, ұлттық ойындар мен ұлттық рәсімдерге қатысып, әр түрлі салт-дәстүрлерді көруге мүмкіндік береді.
«Кескіндеме және графика» үйірмесі.
«Мейірім» әлеуметтік жобасы. Жобаны Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі 2017 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі музейге келушілерге музейдің білім беру кеңістігі арқылы Қазақстанның және басқа елдердің мәдени құндылықтарын насихаттау, олардың ой-өрісін кеңейту, қиял мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға серпін беру, сонымен қатар бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндіктер беру.
Мәдени-ағарту шаралары арнайы әдістеме бойынша, балалардың диагноздары мен әр аудиторияның ерекшелігі ескеріледі. Сурдоаудармашылар шақырылып, Брайль мәтіндері пайдаланалады. «Мейірім» әлеуметтік жобасы аясында жыл сайын музейде мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға арналған инклюзивті фестивальдер өтеді. 2025 жылы «Достық пен қамқорлық ғаламшары» тақырыбында «Мейірім» балалар шығармашылығының VII инклюзивті музейлік фестивалі өтті. Фестивальдің мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету, дарындары мен мәдени ерекшеліктерін дамыту. Фестивальдер шеберлік сыныптар форматында өткізіледі.
«Қолөнер ғаламшары» үйрімесі. Үйірме арнайы білім беруді қажет ететін балалардың сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасауға қызығушылығын арттыру, оларды шығармашылыққа баулу, ұсақ қол моторикасын дамытуға бағытталған. Үйірме мақсаты – балаларды инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруге, шыдамдылық пен төзімділікке тәрбиелеу, заттардың ерекше қасиеті ретінде түсін, өлшемін, пішінін атап көрсетуге үйрете отырып, олар үшін инклюзивті шығармашылық кеңістік құру.
«Қолжетімді музей: баршаға арналған мәдени мұра» жобасы. Экспозицияда көзі нашар көретін келушілер музей экспонаттарының тактильді макеттерін қолдарымен ұстап көре алады. Сондай-ақ олар Ұлттық музей залдарының ішкі-сыртқы көрінісі туралы кәсіби түрде жазылған аудиогидтерден дыбысталған ақпаратты тыңдай алады. Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған келушілер сурдоаударманың сүйемелдеуіндегі бейнероликтер арқылы музейдің залдарымен және экспонаттарымен таныса алады.
«Музейдегі демалыс» жобасы. 2022 жылдан бастап ҚР Ұлттық музейінің Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі «Музейдегі демалыс» жобасын жүргізіп келеді. Жобаның мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, балалардың музейге деген қызығушылықтарын ояту, олардың жазғы демалыстарындағы бос уақыттарын ұйымдастыру шеңберінде интерактивті танымдық экскурсиялар, ойын және практикалық іс-шаралар арқылы оқушыларды мәдениетке баулу, балалардың бойында мейірімділік сезімдерін оятуға ықпал етіп, отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеу.
Музейлік ертеңгілік. Жыл сайын ҚР Ұлттық музейінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған ертеңгіліктер өткізу дәстүрге айналған. Балаларға арналған ертеңгіліктерде музей қызметкерлерінің қатысуымен қызықты оқиғағаларға құрылған тұтас театрландырылған қойылымдар көрсетіледі.