ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ТУРАЛЫ

«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (РМҚК) – Орталық Азиядағы ең ірі музей кешендерінің бірі. Ұлттық музейдің жалпы аумағы 74 000 шаршы метрді құрайды. Оның тұрақты экспозицияларында ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы мен мәдениеті жан-жақты таныстырылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. 2013 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы» № 675 қаулысы қабылданды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында құрылған музей 2014 жылғы 2 шілдеде көпшілікке есігін айқара ашты.

Ұлттық музейдің негізгі миссиясы – еліміздің мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау. Осы бағытта музей мәдени-ағартушылық, білім беру мен ғылыми-зерттеу бағыттарындағы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Ұлттық музей қорының негізін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында анықталып, жинақталған тарихи-мәдени жәдігерлер құрайды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорында 220 мыңнан астам экспонат бар. Қор жыл сайын жаңа құнды жәдігерлермен толықтырылып отырады. Сондай-ақ музей мамандары тарихи-мәдени мұраны ғылыми тұрғыдан зерттеу, есепке алу, сақтау, реставрациялау және консервациялау бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді.

Ұлттық музей алаңында жыл сайын Қазақстанның танымал шеберлері мен талантты жас суретшілерінің жеке көрмелері ұйымдастырылып, халықаралық деңгейдегі ірі мәдени жобалар жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде жалпы саны 22 көрме залы бар. Келушілерге арналған экскурсиялар қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілдерінде жүргізіледі.

history-mus-1 history-mus-1 history-mus-3

Музейде жыл сайын тарих, археология, этнография, мәдениет пен өнер салаларында ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер және симпозиумдар өткізіледі. Ұлттық музейдің ғылыми қызметкерлері каталогтар мен ғылыми мақалалар жариялап, анықтамалық еңбектер әзірлейді. Сонымен қатар археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу бағытындағы жұмыстарға белсенді атсалысады.

Ғалымдар, жас зерттеушілер мен білікті мамандар арасында ғылыми пікір алмасуға ықпал ету, музейтану саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында «Мәдени мұра» және «Музей әлемі» журналдары жарық көреді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде бүлдіршіндерден бастап мектеп оқушылары мен студенттерге дейінгі әртүрлі жастағы келушілерге арналған кешенді мәдени-білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар өскелең ұрпақтың тарихи танымын кеңейтуге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Бұған қоса, Ұлттық музей құрылымында ғылыми-зерттеу орталығы, ғылыми кітапхана, мәжіліс залдары, баспасөз орталығы, кәдесый шеберханасы мен балалар коворкингі жұмыс істейді. Музей қызметінің сан алуан бағыттарын іске асыруға мамандандырылған бөлімдер және қызметтер жұмылдырылған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде жоғары білікті, кәсіби мамандар еңбек етеді. Олардың қатарында белгілі тарихшылар, археологтар, ғалымдар, зерттеушілер, этнографтар, реставраторлар, қор сақтаушылар, экскурсия жүргізушілері мен музей ісінің өзге де мамандары бар. Олар тарихи жәдігерлерді сақтау, зерттеу, қалпына келтіру және көпшілікке таныстыру бағытында кәсіби қызмет атқарады.

Area
Шаршы

74 000 ш.м

Area
18 зал

14 000 ш.м

History-main

Ұлттық музей көптеген елдердің мәдени мекемелерімен және беделді халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстар орнатып, мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинақтады. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Халықаралық музейлер кеңесі (ИКОМ) мен Жібек жолы музейлерінің халықаралық альянсының мүшесі, Орталық Азия ұлттық музейлері кеңесінің серіктесі болып саналады. Бұнымен бірге әлемнің жетекші музейлерімен тығыз байланыс орнатып, халықаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып келеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Британ музейі, Қытай Ұлттық музейі, Мемлекеттік Эрмитаж, Третьяков галереясы, Корей Ұлттық музейі, Өзбекстан Ұлттық музейі, Қырғызстан Ұлттық тарих музейі, Әзербайжан Ұлттық тарих музейі және әлемнің басқа да жетекші музейлерімен ынтымақтастық туралы меморандумдар негізінде әріптестік байланыстар орнатқан.

Соңғы жылдары Ұлттық музей қорындағы құнды жәдігерлер Қытай, Түркия, Франция, Мажарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан мен басқа да мемлекеттерде өткен халықаралық көрмелерде көпшілік назарына ұсынылды. Мұндай жобалар Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын әлемдік деңгейде танытуға, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға және музейлер арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуды дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуді, ғылыми зерттеулерді дамытуды, мәдени-ағартушылық қызметті жетілдіруді және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды басты міндеті санайтын ірі мәдени-ғылыми орталық.