Ши тоқу
Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің ішінде ерекше көзге түсетін және өзіндік нақышқа толы түрі – бұл ши тоқу өнері.
Ши тоқу – көне кәсіптердің бірі. Ши тоқуға қазақтар шидің сабағын қолданған. Ол үшін әуелі әр шиді белгіленген сурет бойынша түрлі түсті жүннің иірілмеген талшықтарымен жеке-жеке шырмап алады. Бұдан соң оларды біріктіре тоқып кілемдей әсем сурет шығарады.
Қазақ халқының қолөнері саласында ши тоқу, оған боялған түрлі-түсті жүн орап, өрнектеп безендіру ісі ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық өнер болып табылады. Ши сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Олардың әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Атап айтқанда, қабығынан тазартылған аң шиді көбінесе құрт, ірімшік т.б. жаю үшін қолданылатын болса, ұзына бойы әр түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһаздарының бірі болып табылады. Ал өн бойы тұтас емес әр жерінен аралатып оралған шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды. Бұл да ши сияқты сәндік жиһаздардың бірі. Ши тоқу өнері халқымыздың қолөнерінің ішіндегі көрнектілерінің бірі. Бұл өте ерте заманнан келе жатқан өнер мұрасы.