Ұсталық (темірші) өнер

Ұста – әр түрлі металдан, темірден тұрмыста тұтынатын түрлі бұйымдар мен шаруашылыққа қажет құрал-саймандар, қару-жарақтар, т.б. жасайтын адам. Кейде ұстаны «темірші», «темір ұстасы» деп те атайды. Ертеректе ұсталарды қара ұста, ақ ұста деп екі топқа бөлген. Қара ұста деп темір, мыс, жез, т.б. металдарды өңдейтін он саусағынан өнер тамған, темірден түйін түйген адамдарды айтқан. Отқа қызған темірді ұста сол қолындағы қысқышпен қысып ұстайды да, төстің бетіне төсеп, қолындағы орта салмақты балғамен темірді ұрып, балғашыға жөн сілтеп отырады. Балғашы ұстаның соққан жеріне шой балғаны дәлдеп ұрады. Ұстаның қолындағы балғаны қол балға деп атайды. Оның салмағы соғатын бұйымдарына қарай әр түрлі болады. Егер ұста қол балғаны төстің бетіне жантайта жатқызса, балғашы соғуды тоқтатуы керек. Шой балғаның сабы кепкен қайың, қарағаш, емен, т.с.с. қатты ағаштан сапталады. Сабының ұзындығы созған қолының алақаны мен қолының арасына сәйкес келуі керек. Сомдау. Темірдің белгілі бір жерін жуандатуды сомдау дейді. Қақтау дегеніміз металды төске салып, балғамен ұрып таптау арқылы жұқарту. Шыңдау. Шалғы, орақ, күрек, кетпен, тесе сияқты саймандардың жүзін төске салып, балғаның сүйір қырлы жүзімен ұрып, таптауды шыңдау деп атайды. Суғару. Құрамында көміртегі көп темірді отта қыздырып алып, дереу суға батырса, ол дереу қатаяды. Жасыту дегеніміз металды отқа қыздырып, өз еркімен салқындату.