Ісмерлік, тігіншілік өнер: - құрақ құрау - киім тігу

Тігіншілік өнер барысындағы мол әдістер мен оның алуан түрлеріне келсек, кез келген нәрсені көркемдеп, әсемдеп ұстауда алдына жан салмаған қазақ халқының тігіншілік мәселесі де ине мен жіп арасындағы күрделі де сәнді шешімдерге қадам жасағаны анық. Сондай тігін түрлерінің бізге жеткені қырықтан астам болса, этнографиямызды зерттеуші Жағда Бабалықұлы ізденісіне көз салсақ, жүзден астам түрі ұлтымыздың бай қолөнер мұрасы ретінде сақталған екен. Ал, заман ағымы өзгеріп, қолданысқа неше түрлі тігін машиналары келіп, қол еңбегі орнын техника басқан кезде көп тігіс түрлері пайдаланудан шығып қалды. Осы тігін тігудің түрері барысына тоқталайық. Жөргеп тігу – кез келген киімді тігер алдында үлгі алу үшін алдын ала тігу үлгісі. Пішілген матаны жөнге келтіріп алу үшін үлгінің әр жерінен шалып бекітіп, киім тігіліп болған соң сөгіп тастайтын әуелгі тігісті қазақ тігіншілері «жөргеп тігу» деп атаған. Көктеп тігу – әдетте, киімнен гөрі көрпе қарпығанда немесе түскиізге түрлі бағалы маталардан өрнектер салғанда қолданылады. Көктеп тігетін жіп киім тігетін жіптен екі, үш есе қалың болады. Мұның инесі де жуан. Көктеп тігуге көбіне жуалдыз қолданылады.