Тақия, тымақ, қалпақ кию мәдениеті
Дәстүрлі бас киімдер қазақ хандығы құрылған ХҮ ғасырлардан бастап ұлттық мәнге ие бола бастады. Тіпті, халық бір бірінің бас киіміне қарап оның қай тектегі, адам екені мен дәулетінің қай дәрежеде екенін айыра алатын болған. Тігілу түріне орай олар бірнеше түрге бөлінеді: Айыр қалпақ, бөрік, кәмшат бөрік, алтын бөрік, қалмаржан бөрік, тымақ, күләпара, сәукеле, тақия, қасаба, жаулық, күндік, кимешек, күндік, қарқара болып түрліше аталады.
Тақия – биіктігі 10-15 см. мөлшерінде дөңгеленіп тігілген, қыздар киетін үкілі тақия. Жиегіне ою салынып, түрлі асыл тастармен көмкеріледі. Бұл кей жерлерде ерлердің жеңіл бас киімі деп саналады. Тақияның түрі мол. Олар: тегіс төбелі, биік төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сыяқты өрнектермен кестеленеді. Түрлі тігістермен әдіптеп сырылады.
Тымақ – ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Тымақ биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етектен тұратын, аңның, малдың терісінен тігілген қысқы бас киім. Суықтан, бораннан қорғайтындай мол пішіледі. Сыртын берік және жақсы, қымбат маталармен тыстайды. Оның іші тері, сырты шағи, пүліш, барқыт, дүрия, тағы басқа матамен тысталады.