Көзешілік өнер – қыш-құмыра жасау

Күйдірілген балшықтан ыдыс-аяқ, мүсін, ойыншық т.б. жасау. Ертедегі көзе шеберлерінің балшықты қолдан илеп, ыдыс-аяқты қолдан жасау әдістері әр түрлі болған: 1. Шыбықтан тоқылған себеттің немесе ағаш ыдыстың сыртын балшықпен қаптап, одан соң оларды күйдіру; 2. Балшықты ұзынша етіп дөңгелектеп, бірінің үстіне бірін жапсырып жасау; 3. Балшықты домалақтап алып, ішінен сыртына қарай жеңіл тоқпақшамен ұрғылап жасау; 4. Дөңгелектеп алған балшықтың ортасын ойып алу; 5. Балшықты жапырақ-жапырақ етіп бір-бірімен жалғастырып құрау. Көзе-құмыра кәсіпшілігі бастапқыда қолмен жасауға негізделсе (ашық жерге жағылған ошаққа, кейінірек арнаулы ошақтарда күйдіріліп жасалады), бертін келе қолмен айналдыратын ұршықшалар, ал соңынан бірте-бірте аяқпен айналдыратын ұршықшалар арқылы жасауға ауысты. Көзешілік өнері, қыштан құмыра жасау кәсібі көне қазақ жерінде де тараған. Оған Отырар, Сайрам, Тараз сияқты көне қалалардан табылған қыш ыдыстар айғақ.