Ер-тұрман жасау және қолдану

Ер-тұрман – көне заманнан бүгінге жеткен көшпелілер тұрмысында зор маңызға ие болған заттық мәдениеттің айрықша үлгісі. Ердің шаруашылық маңызымен қатар ғұрыптық мәні де ерекше. Ертеректе отты қарудың жетілдірілген түрі шыққанға дейін көшпелілер қоғамында салт атты жауынгерлердің жауынгерлік қимылдарына лайықталған ер-тұрманның алар орны ерекше болды. Сондықтан көшпелі тұрмыс және әскери жорық қажеттілігіне байланысты ер-тұрман жабдықтары үнемі жетілдіріліп отырды. Ер-тұрманның негізінен атқа жайлы болу жағы басты шарт болған. Ер-тұрманды жасау тек халық ішінен шыққан шеберлердің қолынан келетін іс. Іскерлік өнерге қарай шеберлердің біреулері ердің соқа басын жасайтын болса, екіншілері ағаштан ер шауып, былғарыдан, киізден тоқым тігіп, қоладан үзеңгі құйып, темірге алтын, күміс жалатып және сүйекпен нақыштап, асыл тастан көздер орнатып, ертоқымды түгелдей жасаған. Ер-тұрман жасау мен оны күнделікті өмірде пайдалану – қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынас мәслелерімен тығыз байланысты.