Балалар және жасөспірімдердің дәстүрлі ойындары: - Бес тас - Тымпи - Соқыр теке - Ақ терек пен көк терек

Қазақтың ұлттық ойындары – ежелгі заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауық түрлері. Бүгінгі бізге жеткен ұлттық ойындардың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. 1-мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тараған. Ұлттық ойындарды меңгеру барысында балалар мен жасөспірімдер әр түрлі жаттығулар жасау арқылы денесін шынықтырады, ой-өрісін дамытады. Қазақ ұлты, негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойындарды орайластырып, дамытып отырған. Мұны бір ойынның бірнеше нұсқаларының болуы да айғақтайды (Мыс., белбеу тастау, орамал тастау, хан қалай, жаяу көкпар, т.б.). Қазақ қоғамындағы ұлттық ойындардың негізі, оның шығу тегі көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерден басталады. Олардың көбі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізделген. Ойындардың басты тәрбиелік мәні – болашақ ұрпақты келешек кәсіптерге баулу, мамандандыру, яғни олар дәстүрлі ұлттық педагогиканың бір саласы болып табылады (Айгөлек, Алтыбақан, Ақ сүйек, Соқыр теке, Таяқ жүгірту, Көрші, т.б.).