Қазақы ит тұқымы тазы мен төбет ұстау, күзетке, мал бағуға, аңшылыққа баулу

Тазы – жүйрік, аңға салатын, тау, дала, құм, шөлейтті түрлі географиялық аумаққа бейімделген, сүйір тұмсықты, салпаң құлақты, тықыр жүнді, бүйірі қабысқан, денесін жеңіл ұстайтын, аңшы ит. Төбет – дене бітімі ірі, қазақ жерінің табиғатына үйлескен, күй талғамайтын, жүнді, сабырлы, күндіз бұйығы, түнде сергек келетін, малды қоритын қорашыл, күзетші, малды бағуға, қайыруға бейімделген малшы, аңға түсе алатын қасиеті бар ит. Тазының түр-типтері: құны тазы (қылшығы сирек), жарғақ құлақ (тықыр), шашақ құлақ (қылшықты), маңғыстаулық, Жем бойы мен Атыраулық, солтүстік қазақ тазысы, дала тазысы, тау тазысы, Жетісу тазысы, орталық өңірдегі «Ерейменнің аққасқасы». Төбеттің түр-типтері: оңтүстіктік, маңғыстаулық, таутөбет, маңтөбет/салқам, қойтөбет/қойшы ит. Қазақ тазысы мен қазақ төбетінің қосылуынан тарайтын қазақы будан тұқым, қазақы ит тұқымдары: қайың қаптал – тазының қаншыға төбеттің арланы түскеннен туылған тұқым; дүрегей – төбеттің қаншығына тазының арланы түскеннен туылған тұқым, тазы қасиеті басым болғандықтан «дүрегей тазы» аталады, жасамыс, төзімді, көп үре бермейді; көпек – қайың қаптал мен қайың қапталдан немесе дүрегей мен дүрегейдің қосылуынан туылған тұқым; алапар – көпек пен көпектің қосылуынан туылған тұқым, жүнді, көзі үлкен, тістері тік болып келеді; барақ – алапар мен алапардың қосылуынан туылған тұқым. Жүндес, кекшіл. Сипаттары: Тазының сырттан (сымбатты, шалымды түрі), құмай/құмайық (ең жүйрік, шалымды түрі; аңыз бойынша жаратылысы итала қаз-қарала құс жұмыртқасынан; теңеу: төбет арасындағы құмайдай; құмайдай аққан...), иттің төресі, арабы ит, т.б. сипаттары; төбеттің бөрібасар, сырттан, маңтөбет, қорашыл, төрткөз ит т.б. сипаттары мінезіне, ерекшелігіне қарай қалыптасқан. Таралуы: қазақ жерінің барлық өңірінде.