«Қыз қуу» - ат үстіндегі сайыс
Қыз қуу – қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Ол Қазақстан Республикасы халықтарының арасында кеңінен тараған қазақтың ұлттық ат ойыны тобына жатады. Қыз қуу сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны. Ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін оншама өзгеріссіз жеткен. Бұл жарыс өзінің түрі жағынан біздің заманымызға дейін қандай болса, қазірде сол күйінде қалды. Бағзы заманда жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты, ақтай алмағаны үшін қызбен некелесу құқынан айырылған. Бұл сияқты ескі әдет әлдеқашан ұмыт болды. Қазіргі қыз қуу өзінің идеялық мазмұны жағынан одақтағы ұлт республикаларының мәдениетіне енген халықтық спорттардың қай-қайсысынан болса да кем түспейді. Жарыс қыз қуу спортының ережесіне сай өткізіледі. Спортшылардың бас киімінен аяқ киіміне дейін ұлттық үлгіде қыз қуу спортына лайықты болуы тиіс. Қыз қуудың аты ұшқыр, жүйрік, сұлу болуы шарт.
Қыз қуу алаңының ұзындығы: 300 метр. Алаңға қыз бен жігіт шақыралады. Жігіт қыздан 10 метр кейін тұрып жарысқа қосылады. Жігіт қызды қуып жетсе, ережеге сай қыздың сол жақ иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алуға тырысады. Ал қыз керісінше, қуғыншыдан қашып құтылып, сөреге бұрын жетуге әрекет жасайды.
Ал екінші кезеңде 10 метр алда тұрған жігітті қыз қуады, қуып жеткен жағдайда ережеге сай арнайы қыз қуу қамшысымен жігітті қамшылап, қуып жеткенінің белгісін көрсетеді. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының қуып жеткен уақытын арақашықтыққа бөліп қорытындысы шығарылады.
ІІІ-9 Садақ ату Бағзы заманнан бері көшпелілердің иығынан түспеген, қазақтың дәстүрімен біте қайнасқан қымбат мұра бар. Ол – садақ. Қазақ тарихында оқ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер әр заманда болған. Бірі адырнасын сайлап, аңға шықса, екіншісі соғыста жаудың бетін қайтарған.
Садақ ату спорты әлем халықтарына ортақ мұра десек те, осы бір жауынгерлік өнердің ұшар басында түркілер тұрғаны ежелгі тарихтан белгілі. Зерттеушілердің пікірінше, адамзат тарихында алғаш рет мергендер қосынын дүниеге әкелген ғұндар дейді. Біздің ата-бабаларымыз ғұндардың тікелей мұрагері екенін ескерсек, садақ ату өнері қазіргі түрік халықтарын түп-тамырымен табыстыратын идеологиялық үрдіс.