Kures wrestling Inscribed on the UNESCO Representative List in 2016.

Қазақ күресі – қазақтың ұлттық күресі. Сан ғасырлар бойы беделі аспаса, тұғырдан түспеген осынау ұлттық өнеріміздің бір түрі – қазақ күресі кеңес заманында да жойылып кеткен жоқ. Қазақ күресі өзгеше бір жаңа серпінмен дамып, халықтық өнерге айналды. Қазақ күресінің бір ерекшелігі – тік қалыпта аяқпен қимыл жасай жүріп, қос қолды қарсыласының белінен немесе арнайы жасалған белбеуден, киімнен ұстап жығуға әрекеттер жасалады. Техникалық жағынан қазақ күресінің қалыптасқан әрқилы әдіс-айлалары өте көп. Бұл, көбінесе қазіргі еркін және классикалық күреске ұқсас. Аяқтан қаға іліп-шалу, бастан асыра лақтыру, жамбасқа алу, сондай-ақ шалқая бере кеуде арқылы керу лақтырып жіберу сияқты әдістерін атап өтуге болады. Қазақ күресінің шоқтығы биік тұлғасы – Қажымұқан. Себебі, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде көптеген елдердің спорт сахнасында өнер көрсетіп, халықаралық деңгейде өткен сайыстарда күллі қазақ халқының атын әлемге паш еткізген спортшы еді. Кеңес Одағының чемпиондары Амангелді Абсаттаров пен Әбілсейіт Айхановтың есімдері баршаға таныс. Тәуелсіздік алған жылдары, 1992 жылы өткен І Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында алғаш қазақ күресінен Халықаралық күрес федерациясы құрылды. Содан бері, елімізде қазақ күресінен әр жылдары «Түйе палуан», «Алтын белбеу» секілді турнирлер ұйымдастырылып келді. Қазіргі таңда, 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысы» турнирі қазақ спортының үлкен жетістігі. Әр жылдары бұл турнирдің жеңімпаздары Ұ.Рысқұл, Б.Ыстыбаев, А.Нұғымаров және т.б. болды. Қазақ күресі ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Аддис-Абеба қаласы, Эфиопия, 28.11 – 02.12.2016).