Бәйге – дәстүрлі ұлттық ойын, ат жарыстыру
Бәйге – біз біле бермейтін этнографиялық мазмұн мен бай дәстүрге ие. Бәйге өткен заманда үлкен-кіші ас-тойларда ұйымдастырылып, даулы мәселелер туындамас үшін бәйгенің билігі беделді ақсақалдарға жүктелген. Ас-тойды басқарушы адамды «Кіреші» деп атаған. Ол барлық ат ойындарының (бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б.) әділ өтуіне жауапты болған.
Ертеде ат жарысы басталар алдында, басына қызыл орамал байлап, қолдарына бақан ұстаған адамдар жар салып, жүйріктерді бір жерге жинайтын болған. Мұны «Ат шығарушылар» деп атайды. Бәйгеге қосылған жүйріктерді, бәйге шабар немесе ат шығар жерге дейін аман-есен жеткізуге тағайындалған адамды «Ат айдаушы» дейді.
Шауып келген жүйріктерді ұстайтын жерді «Көмбе» деп атаған. Көмбеге жүйрік аттарды тосып алуға ыңғайлы, биіктеу, айналасы толық көрінетін қыратты жер таңдап алынады.
Жүйріктер жолға шығар алдында көмбе-төбеде тұрған көпшіліктің алдынан өтеді. Атақты жүйріктер басқа аттардан бөлек жалғыз-жалғыздан жүреді. Кіреші тағайындаған асаба атақты жүйріктерді мақтап-мадақтап таныстырады. Қазақы дәстүр бойынша көптің алдынан өткен жүйрікті иесі тіл-көз тиіп кетпеуі үшін кежімдеп (денесін толық жауып) алып өтеді.
Қазақ танымында бәйгенің көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: аламан бәйге, үдемелі бәйге, айғыр, тай, құнан, жорға жарыс, т.б.