Шашу
Шашу – қуаныштың белгісі саналатын әрі қазақ халқы орындайтын жоралғы. Мұндай дәстүр келін түскенде, күйеу жігіт келгенде, құда келіп, жақсылық болған күндерде, сәби дүниеге келгенде, тұсаукесер, сүндетке отырғызу, жырақтан сағындырып жолаушы келгенде, бір шараның алғашқы ашылуы болғанда немесе бірінші рет көрсеткенде орындалады. Шашылған шашуды қуанышқа куә болған сол жердегі жасы үлкенінен кішісіне дейін таласып теріп алады. Мұны «қуаныш бізге де жұғысты болсын» деген ниетпен байланыстыруға болады. Шашуға тәттілер, құрт-ірімшік, өрік-мейіз, күміс теңгелерге дейін салуға болатыны жазылған. Сондай-ақ, шашуды ақ самайлы әжелер, көпті көрген апалар, алтын құрсақты келіндер жасайды.