Үйленуге байланысты салт-дәстүрлер:

Үйленуге байланысты қазақтың салт-дәстүрі: Қыз ұзату, қыз айттыру, құда түсу, бата аяқ, құда тартар, қыз ұзату тойы, ау-жар, сыңсу, қоштасу. Әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластырады, өзінің теңін іздейді. «Анасын көріп, қызын ал» деген қағиданы қатаң ұстайды. Яғни болашақ құдасын орынды жерден, жақсы кісілерден, аталы, іргелі ауылдан қарайды. Тұқымында, тегінде ауруы бар отбасының қыздарына сөз салмайды. Лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді. Ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан әрі жарасты дәстүрлердің бірі – құда түсу. Жігіттің әкесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын өз ұлына қалыңдық етіп беруін сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп. Мысалы, құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр жегізу, тағы басқа ырымдар мен кәделері, алымдары болады. Беташар – қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. Қазақ халқының үйлену тойында орындалатын «Беташар» салты 2024 жылы ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Асунсьон қаласы, Парагвай, 2024).