Нан пісіру мәдениеті:

Бауырсақ – шай, қымыз, шұбат ішкенде дастарқанға салады. Бауырсақты жоғары немесе бірінші сортты бидай ұнынан пісіреді. Қамырды иін қандыра қатты илеп қоя тұру керек. Содан кейін қамырды жазып, төрт бұрыштап кесіп немесе жіңішкелеу етіп есіп алып, содан кейін кессе да болады. Кесіп дайындаған бауырсақтың бетін кеуіп кетпеу үшін жауып қойған жөн. Қазанға май салып әбден қыздырып алған соң, бауырсақ майдың мөлшеріне қарай салынады. Бауырсақты үздіксіз араластырып тұрса, біркелкі болып піседі. От қатты жанса, бауырсақтың іші шикі болады немесе тым қызарып кетеді. Қызыл-күрең болып піскен бауырсақ сәнді де, дәмді де болады.
Таба нан ұнға май, сүт қосып иленеді. Қамырды бір табаның үстіне екінші табаны төнкеріп жауып, шоқтың қоламтасына көміп пісіреді. Оны пешке немесе духовкаға пісіруге болады. Егер таба қоламтаға көмілсе, оны аудару керек. Таба нанды ашытып немесе ашытпай пісіруге болады.
Қаттама нанның өте дәмді түрі. Май, жұмыртқа, сүт құйып, қатты етіп иленген қамырды жұқалап жайып, жайманың бетіне май жағады, оны оқтауға орап, пышақпен бірнеше бөліп, әр бөлікті қайтадан жаяды. Бөлшектелген нан қазанда қыздырылған майға пісіріледі. Сонда шелпек қатпар-қатпар болып өте дәмді болып піседі. Кейде мұндай қаттаманы қазанға май жағып қарма тәрізді етіп пісіруге де болады.
Қатырма нан әзірлеу дәстүрі Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Иран Ислам Республикаларының ұсынысымен 2016 жылы ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Аддис-Абеба қаласы, Эфиопия, 28.11 – 02.12.2016).