Баланың дүниеге келуіне байланысты салт-жоралар:
Жаңа туылған балаға қатысты дәстүрлердің барлығында өзіндік ерекшелік пен мән бар. Егер бұрын соңды қазақ халқының дәстүрлері туралы естімеген болсаңыз, қателікті түзеуге әлі уақыт бар.
Шілдехана. Өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын және сәби үшін алғашқы тойдың бірі. Қуанышты хабарды барлығына жеткізген соң, бала туылған үйде отбасының жақындары мен туыстары жиналған. Шілдеханаға келген қонақтар “бауы берік болсын” деп тілек айтып, шашу шашады. Жасы үлкен қариялар батасын беріп, тілек айтатын болған.
Баланы қырқынан шығару – тіршілік цикліне қатысты атқарылатын рәсімнің бірі. Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен қырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – адалдықтың белгісі, күміс салынған су - ең таза су (арам су, уланған ас құйылса күміс ыдыс қараяды) боп есептелінеді және оған жын-шайтан жоламайды.