Бесік жасау және пайдалану мәдениеті
Бұрынғы заманнан келе жатқан халқымыздың тыныс-тіршілігіне байланысты ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да бар. Соның бірі – бала туылғаннан кейін баланы бесікке бөлеу дәстүрі. Дәстүрлі ортада қол-аяғы түзу, қалыпты жетілу үшін баланы шыттан тігілген матамен жөргектеп бесікке бөлейді. Бесік – нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Бесікті Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланады. Тек әртүрлі үлгіде жасалады. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан, баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды.