Ағаш өндеу, оймыштау/ою және бояу (Ағаштан түйін түю, ағашшылық өнері, Ағаш ұқсату өнері)
Ағаш шебері (Ағашшы ) – ағаштан түрлі тұтыну бұйымдары мен үй жиһаздарын жасайтын маман. Ағаштан түйін түйетін шеберлерді төрт топқа бөліп қарастыруға болады: балташылар – үй құрау, арба, шана, есік, терезе жақтауларын тағы басқа жасаушылар; үйшілер – киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, адалбақан, асадал сынды тағы басқа бұйымдарын жасаушылар; оймашылар – жүкаяқ, кереует, кебеже, абдыра, саз аспаптарын оюлап жасаушылар; тоқушылар – себет, ергенек, қорап тағы басқа тұрмыстық бұйымдарын тоқушылар.
Ағашшы күнделікті тұтынатын ас-су жабдықтарын: тостаған, аяқ-табақ, сапты аяқ, ожау, қалақ, иіелек, күбі, астау, ат әбзелдері (ердің қаңқасы, ашамай), үй жиһаздарын: жүкаяқ, кебеже, сандық, асадал, адалбақан, аша, бақан, тіреуіш, төсек, бесік тағы басқа дүйім дүниені жаcaп, мәнерлейді. Ағаштан жасалған бұйымдар төзімді, әрі жеңіл болғандықтан, қазақ көшпелі тұрмысында қолдануға ыңғайлы болды.
Ағаш шеберінің негізгі құралдары мыналар: балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, түрпі, тез, қашау, шапқы, қырғыш, ұңғы, ыңғыру, сыдырғы, егеу, тістеуік, үскі, пышақ түрлері және тағы басқа ағаш шеберінің аспаптар қатарына ағаш балға, шот, атауыз (қысқы), аталғы, пышақ, пәрмі, қолшығыр, балға, ағаш балға, ұртоқпақ (қолағаш), қырғыш, сүмсуір, қаламдықтемір (көзеуіш), ақсақтемір, қайрақ, білеу, қылау, жануыш, сүргі, зімпара, бұлғауыш, қылқалам, қуысқұлақ, белтемір, інкенже, жаңғырық, сына жатады. Бұлардың кейбірі сайманды ұруға (ағаш балға, ұртоқпақ (қолағаш), екіншісі – өлшеуге (ақсақтемір) немесе кұрал-сайманды қайрау немесе астына тосып салу (жаңғырық, сына) сияқты жұмыстарға пайдаланылады.