Шаңқобызда орындау өнері

Шаңқобыз – қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы. Тілшелі музыкалық аспап (тіл арқылы орындалатын) тобына жатады. Ертеректе республиканың оңтүстік аймақтарында бұл аспапты «шаңқауыз» деп атаған. Музыкалық аспапты қазақтардан өзге әлемнің көптеген халықтарынан кездестіруге болады. Мысалы, «хомус» (Якутия), «кубыз» (Башқұртстан), «мунхарпа» (Норвегия), «дан мой» (Вьетнам), «доромб» (Венгрия), «муккури» (Жапония), «морчанг» (Үндістан), «варган» (Украина) т.б. түрлері кездеседі. Шаңқобыздың пайда болуы жайында нақты дерек жоқ. Әлем ғалымдары айтқан түрлі жорамалдар бойынша, шаңқобыз 9-12 мың жыл бұрын пайда болған. Түп атасы – садақ. Ғалымдардың айтуынша, ерте кездегі адамдар садақтың бір ұшын жерге қадап, екінші ұшын өзінің таңдайына не тісіне тигізіп, адырнасын тарта дыбыс шығарып орындаған дейді. Бұл музыкалық аспапта күйді орындау әдісі келесідей. Аспапты екі ерін арасына қойып, тіске тірей тұрып ойнайды. Ол үшін сол қолдың бас бармағы, сұқ саусақ пен ортаңғы саусақ аспапты ұстап тұрады. Қалған екі саусақ жартылай бүгіледі де ортаңғы саусаққа тақалады. Алақан жартылай жұмылып қуыс жасап, ол қуысқа аспаптың дыбысы жиналып, күйшейіп шығады. Аспап дыбысы тілшені саусақпен шалып тартқан кезде серіппенің тербелісі арқылы шығады. Дыбыстың күші ойнау кезінде ерін мен тістің арасындағы қуысқа тікелей байланысты. Сондай-ақ орындаушы тілінің қимылы арқылы түрлі дыбыстар шығара алады. Шаңқобызда ойнау кезінде нақтылы екі дауыс пайда болады. Тілшенің тербелісі бір қалыпты бурдон (бурдон – музыкалық термин, үзілместен созылып тұратын дыбыс деген мағынаны білдіреді) ретінде дыбыс беріп отырады. Екінші дауыстың биіктік жағдайы ауыздың ішінде ұрттағы ауаның көлеміне байланысты. Ал ауаның көлемі тілдің, еріннің және көмейдің қозғалу дәрежесіне қарай кеңейіп-тарылып отырады. «Тіл мен көмейдің қатысуымен, тіпті қазіргі қолданылып жүрген терминдердің ешқайсысына жанаспайтын небір ғажап үн шығаруға болады».