Ортеке - орындаушылық өнері: би, қуыршақ және музыка 2022 жылы «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген

Ортеке – домбыра тартқанда əн немесе күй ырғағымен қозғалысқа келіп билейтін ағаш ойыншық. Ортеке таутеке бейнесінде жасалады. Ортеке домбыра тартқанда тербеліп, орғып билеу үшін ойыншықтың бауырына тік бекітіліп, екінші ұшын саусаққа іліп алып тартады. Қазақ халқынан өзге, бұл өнер түрін қырғыз, қалмақ, ауған, иран, кавказ жұртшылығынан да кездестіруге болады. Ортекенің тарихы тереңге барады. Бұл бір жағынан салт ретінде қаралса, екінші жағынан басында қызық үшін үлкен адамдар да, балалар да қолданған. Ерте заманда музыкалық аспапты орындаушы адам тек бір ғана ортекені емес, онға жуық ойыншықты қатар билетіп отырған. Бұл орындаушының шеберлігіне, оң мен сол қолдың жоғары деңгейдегі ептілігіне байланысты болған. Бүгінгі заманда екі қолмен бірдей ортекені ойнату жоғалып кетті. Бұл өнер түрін бірнеше бағытқа жатқызуға болады. Олар: сәндік-қолданбалы өнер, музыка, би және қуыршақты жетектеу өнері. Ғалымдардың айтуынша, оның тұрмыс-салттық, мифологиялық-тұрмыстық және тұрмыстық-символдық мәні бар. Егер де мамандандырылған қуыршақ театрларында қуыршақты ойнатушы әртіс қуыршақты өзі жүргізіп отырса, дәстүрлі ортада өнерпаз қуыршақты меңгеруді музыкалық аспап арқылы жүзеге асырып отырған. Ортекенің қандай ырғақта қозғалу керек екендігі орындаушының құзыретінде. Сондай-ақ, қуыршақ тірі жануарға ұқсатып ойылады. Бұл дегеніміз жануарға тән бас пен тізе буындары ойыншықта да кездесуі керек. Бұл ортекеге тұяқтарымен дыбыс шығаруға, секіруге және өзге де қимылдарды жасауға мүмкіндік береді. «Ортеке» өнері 2022 жылы ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Рабат қаласы, Морокко, 28.11 – 03.12.2022).