Қожанасыр әзілдері
Қожанасыр, Алдар көсе туралы ел ауызындағы ескілікті әңгімелер қазақ ауыз әдебиетінің аңыз әңгімелер жанрына жатады. Аңыз-әңгімелер жанры жағынан фольклордың ертегілеріне, тарихи әңгімелерге жақынырақ келеді. Онда бір адамға қатысты сюжеттік желі бар. Сонымен бірге ол нақты тарихи бір тұлғаға қатысты әңгімеленеді. Онда ертегілік сарын жоққа тән. Тек дәуірі ескі заманды меңзейді. Аңыз-әңгімелерде өмірде болған реалды оқиғалар баяндалады. Ертегілер мен тарихи жырлардағы сюжет қат-қабат әрекеттерге, бірнеше образдарға толы болса, тарихи аңыздарда бір оқиғаға ғана қатысты әңгіме баян етіледі. Аңыз-әңгімелерді тақырыптық-мазмұнына қарай ғалымдар түрліше салаларға бөліп жүр. Олардың негізгісі: 1. Тарихи аңыздар. 2. Топонимикалық аңыздар. 3. Мифологиялық аңыздар. 4. Зоомрофтық аңыздар. 5. Діни аңыздар. 6. Новеллалық аңыздар.
Қазақ даласына тараған аңыздардың дені Мұхаммед пайғамбарға, Әзірет Әліге, Тақ Сүйлейменге, Қыдыр бабаға, балуан қыз Дариғаға, Мәдіге қатысты болып келеді. Оларда діни сарын басым. Қазақтың көне аңыздарының қатарында Тұмар ханшайым (Томирис), Шырақ батыр, Анақарыс туралы аңыздар бар. Соның бірі Тұмар ханшайымның парсы патшасы Кирдің басын қан толтырылған тұлыпқа тығып тұрып, «Кир сенің, іздегенің қан еді ғой, енді қанғаныңша іш!» – дегені.
Қазақтың төл аңыздарының басында Қорқыт Майқы би, Алдар көсе және түркі тілдес халықтарға ортақ Қожанасыр тұр. Қазақ арасына кең тарған аңыз-әңгімелердің біразы Қожанасырға байланысты айтылады. Қазақ арасына төл кейіпкер болып кеткен Қожанасырдың шын аты – Қожа Нәсреддин екен. Ол қазіргі Түркияның жерінде туып, өскен адам. Түрік ғалымдарының зерттеуінше ол Ақшаһарда туып, сонда оқытушылық қызмет атқарған. Сонда дүние салып, жерленген екен. Оны академик В.А. Гордлевский қуаттайды. Қожа Нәсреддин шамамен XIII ғасырда өмір сүрген адам.
2022 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан бірлесіп ұсынған «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Рабат қаласы, Марокко, 28.11 – 03.12.2022).