Көмейге салып ән-жыр айту
Көмеймен ән-жыр айту – жеке немесе топпен тамақтың бірнеше бөлігінің өзіндік ерекшеліктерін пайдалана отырып, музыкалық шығарманы орындау дәстүрі. Бұл дәстүр негізінен Сібір халықтарында, Алтай мен Тибет тауы айналасында мекен ететін тұрғындарда кездеседі. Атап айтсақ, тувалықтар, алтайлықтар, башқұрттар, хакастар, якуттар, қазақтар, қырғыздар, монғолдар, буряттар, қалмақтардың музыкалық өнерінде көмеймен ән салу бар. Яғни, бұл түркі-монғол халықтарының ән айтудағы композициялық-иірімдік деңгейлерімен қатар, дәстүр дүниетанымға негізделген дыбыс шығару жүйесіндегі ортақтығын көрсетеді. Сонымен қатар, канадалық, оңтүстік африкалық және ирландиялық кейбір тайпаларда көмейге ұқсас ән салу дәстүрі қалыптасқан.
Көмеймен ән салу – ежелден келе жатқан өнер, ол адамдардың табиғатпен үйлесе өмір сүруі кезінде, мыңдаған жыл бұрын пайда болған. Табиғаттың үнін салып, жануарлардың дауысын естіп көмеймен ән салу дәстүрін қалыптастырыпты. Әсіресе, бұл бақсылық (шамандық) ғұрыпта көп кездеседі. Бақсы шаңқобызын тартып, дауылпазын соғып, жаратушыға көмей арқылы шыққан дауыспен өз дұғасын айтып отырыпты. Әншілердің өздері айтуынша, дыбыстардың үйлесімді тербелісі адамның қабылдауы мен әсер алу сезімін күшейтеді.
Ән орындау кезінде тамақ пен жұтқыншақтың дыбыстық ауытқуларын пайдаланып бірнеше дыбысты қатар алуға мүмкіндігі бар. Көмеймен ән салғанда төменгі бурдон дауысы әннің негізгі дауысын созып ұстап тұрады, ал ысқырық екінші шығатын дауыс, ол әннің негізгі әуенін жүргізіп отырады. Әлем бойынша осылай ән салудың бес түрі кездеседі. Олар: сыгыт, каргыраа, хоомей, борбаннадыр, эзенгилээр. Негізінен тек Якутияда ғана кеңінен дамыған. Әрқайсысы өзінің дыбыс биіктігі мен тембр бояуымен ерекшеленеді.