Жеті ата және шежіре тарқату
І-11 Жеті ата және шежіре тарқату Жеті атасын білу – қазақ халқының өз ұрпағына жеті атасын үйретуі, атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Мұның әлеуметтік мәні зор болған. Әр адам жеті атаға дейін жақын туыс саналады. Сондықтан да қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Қазақ халқы бір-бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласының өз ата-тегін білуі, тектілік, әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы болып саналған.
Жеті ата әкеден жоғары таратылады. Бұрынғылар жөн сұрасқанда «Ата тегің кім?» – деп сұрайтыны міне, осыдан шыққан. Олай болса жеті ата: 1. Бала, 2. Әке, 3. Ата, 4. Арғы ата, 5. Баба, 6. Түп ата, 7. Тек ата. Ата-тек деген осыдан шыққан сөз.
Қазақ даналығының, «жеті ата» ұғымының, «жеті ата» тәртібінің халық санасына берік сіңуі, туысқандық ағайындық бірлікті, ынтымақтықты ұстана отырып, әулетті ғана емес, бір рулы елді ұйыстырып отырған. «Жеті ата» ұғымының қандастық жағынан алғанда үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген және осы ғұрыптан ауытқымай оны берік ұстанып келген. Жеті ата тәртібіне ұйысқан бір рудың бір ауылға шоғырланып қоныстануы, осы күнге дейін сақталып келе жатыр.
Шежіре тарқату – халықтың шығу тегін, ру-тайпалардың таралуын, ру тармақтарының бөлініп шығуын, ру аталарының таралуын баяндау, жазу, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Шежіреші – шежірені жеткізіп, баяндауды жатқа білетін, насихаттап айтып отыратын, кітап, қолжазба ретінде хаттап, қағазға түсіретін адам. Қазіргі таңда әр-тайпаның, әр ру атасының шежіре кітаптарын шығару, шежірелік кесте жасау кең таралған.
Жеті ата, шежіре тарқату танымын қазақ халқы ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп, бүгінгі күнге сақтап жеткізуі, қазақ халқының жеті атасын білуге деген құштарлығының жас өскен сайын артуы, атасынан баласына қанымен берілетін ерекше қасиеті, қазақ халқының рухани құндылығы. Балаға жеті атасын айтып отыру ұлттық тәрбиенің кепілі.
Таралуы: қазақ жерінің барлық өңірінде.