Домбырамен күй тарту өнері
Адамзаттың материалдық емес құндылықтар тізіміне домбырамен тартылған күйлер қосылды. Домбыра – шанағында күмбір сазды күйлерін құндақтап, ұлтымыздың өткенін, бүгінін, мінезі мен сезімін, болашағын бір күре тамырдай қос ішегіне шежірелеп арқалаған киелі аспап. Археологиялық деректерге сүйенсек, көне домбыра ежелгі түркі дәуірінде пайда болған. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады. Домбыра құрылысы бойынша бірнеше бөліктерден тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, ішек, шанақ, қақпақ және ілгек. Дәстүрлі қазақ музыкасында домбыра күйлері кең таралған. Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшеліктеріне, күйдің құрылымына байланысты төкпе және шертпе деп бөлінеді.
Елімізде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешімімен 2018 жылы шілде айының бірінші жексенбісін мерекелік «Домбыра күні» деп жариялаған еді. Содан бері жылда дәстүрлі түрде домбыра күні аталып елімізде кең көлемде өткізіліп келеді.
2014 жылғы 26 қарашада ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Париж қаласы, Франция, 24 - 28.11.2014).