Айтыс – қазақ халқының төл өнері. Ол ерте замандардан қазақ фольклорының бір жанры ретінде сақталып, өз жалғасын тапты. Айтыс туралы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде былай делінген: «Айтысқанда жай сөзбен айтыспай, өлеңмен айтысады, сондықтан ғана айтысу айтыс деп аталады. Өлеңсіз айтыстың аты әзіл-ерегіс болады. Айтыс өлеңді сөз болған соң, оған ақындық керек. Ақындықтың үстіне әдіс керек. Айтыс екі палуанның күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңуі үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы, осал-оңтай жерін іздейді» деп жазады. Қазақтың айтыс өнерінің дәл қай дәуірде, қай ғасырда пайда болғаны туралы нақты дерек жоқтың қасы. Алайда, айтыстың жазба үлгілері орта ғасыр әдебиетінде де көрініс тапқан. Мысалы, Махмуд Қашғаридың «Диуани Лұғат-ат-түрк» кітабындағы «Қыс пен жаздың айтысы», Ахмет Яасауидің «Диуани хикмет» жыр жинағындағы «Жұмақ пен тозақтың айтысы. Осыған қарағанда «айтыс» өзінің формалық-жанрлық ерекшелігіне байланысты ерте замандарда қалыптасқан деуге болады.
Қырғызстанмен бірлесе ұсынылған айтыс өнері ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Намибия, 24 – 28.11.2015).