Тоқымашылық өнер: - өрмек тоқу

Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан, ең алғаш киімі мен үй жабдығының негізі болған өнер. Бұл тамаша өнер қазіргі талап тілектер тұрғысынан жалғасып, тұрмыспен бірге ұласа дамып, одан сайын жетіліп, адамдарды сұлулыққа, әсемділікке жетелеуде. Адамдардың тұрмысының үнемі өрлеуіне сай олардың мәдени тұрмыстық тілектері өсе түсуде. Сондықтан да әр адам киген киімінің қазіргі сән үлгісіне сәйкес бола отырып, қайталанбас әсем ерекшелігін, даралығын таныта білуге тырысады. Міне, осыған орай бізге көмекке келген өнердің бірі – тоқыма. Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды: осы тоқу үстіндегі түрлі түсті бояулар әлемінің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамытады. Соған орай, тоқу өнері басқа да істер сияқты үйренуді, ізденуді қажет етеді. Қазақ қолөнершілері тоқу ісіне көбінесе жүннен иірілген жіптерді пайдаланған. Тоқыма тоқу үшін таза жүннен, мақтадан, вискозадан, синтетикадан, жүн мен синтетикадан аралас иірілген жіптер пайдаланылады. Сондай-ақ бұрын пайдаланылған жіптерді де тарқатып, қайта пайдалануға болады. Ілмекпен тоқу үшін кез келген жіпті пайдалануға болады, жүннен, мақтадан иірілген немесе жібек жіптер, т.б.