Кимешек тігу мен кию мәдениеті
Кимешек – қазақ әйелдеріне тән өзіндік ерекше бас киім, дәстүрлі киімнің бұл элементі, тек тұрмыстық және салт-дәстүрлік ерекшеліктермен ғана емес, сонымен бірге этникалық және мәдени тамырлары тереңде болуымен құнды. Кимешек қасиетті киім саналады. Қазақстанның әр өңірі қазақтың рулары ішінде кимешектің тігілу ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі үлгілері болады. XX ғасырдың 50-ші жылдарына қарай кимешек күнделікті қолданыстан шығып қана қоймай, тіпті ғұрыптық қызметін де жоғалтты. Бүгінгі таңда этникалық стильге қызығушылықтың артуына байланысты кимешек бірте-бірте жандана бастады. Отбасылық циклдың әртүрлі рәсімдеріне орай оны ана болғаннан бастап, егде жастағы әйелдер киеді. Ұлытау жерінде осы кимешектерді тігіп дәріптеп жүрген қолөнер шебері Уткелова Сабира Абдикадировна.