Киіз басу (Киіз басу және онымен байланысты әдет- ғұрыптар) ЮНЕСКО-ның 2026 жылғы қарауына ұсынылды

Киіз басу – дәстүрлі қазақы ортада дамыған киіз жасау өнері. Оған жүн талшықтарының бір-бірімен ұйыса байланысатын қасиеті негізге алынған. Қазіргі заманғы шұға басу, байпақ жасау, фетр (қалпақтық биязы киіз) басу процесстері де киіз басу дәстүрлі технологиясымен бірдей. Киіз басу және киізден бұйымдар жасау көне замандардан бастау алады. Әйгілі Пазырық қорғанынан және басқа да ежелгі темір дәуіріне жататын қорымдардан (б.з.д. ІХ – б.з. ІІІ-ІV ғғ.) археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың ішінде киізден басылған бұйымдар кездеседі. Байырғы көшпелі тұрмыста киіз туралы мәліметтер мен оның қандай қызмет атқарғаны Марко Поло (1230 ж.), Плано Карпини (1246 ж.), Клавихо (1403 ж.) сияқты орта ғасыр саяхатшыларының жазбаларында айтылады. Киіз басу жұмысы орта ғасырдан бұрын өзінің шарықтау шегіне жеткен. 1253-1255 жылдары фламанд саяхатшысы, монах, IX Людовик жіберген дипломатиялық елшілікті басқарып, Моңғолияға сапар шеккен В. Рубрук қаңлы-қыпшақ даласынан өтіп бара жатып, олардың үйлерін тек ақ киізден жабатынын, ал киіздің ағарып, жарқырап тұруы үшін оған әк, ақ топырақ немесе сүйектің күйдірген ұнтағын себетіндігін, сол сияқты киіз бұйымдардың бетіне оюлап салынған аң-құстардың, өсімдіктердің бейнесі жарасымдылығымен көз тартатындығын сипаттап жазады. Ертедегі саяхатшылар сипаттаған киіз басудың көне тәсілдері қазақ, қырғыз т.б. халықтарда ХХ ғ.-ға дейін сақталып келді. Тарихи деректерге сүйенсек, киіз басумен бүкіл түркі тектес тайпалар түгел айналысқан. Дәстүрлі қазақы ортада киіз басудың негізгі ұйымдастырушылары да, орындаушылары да әйелдер болды. Әрбір қазақ әйелі киіз басудың ежелден орныққан технологиясын жетік меңгерген. Өйткені, ХІХ ғ.-да қазақ тұрмысын дендеп зерттегендердің бірі М. Красовский айтқандай, «... қазақтар қыздарды жас шағынан іс тігу, өрмек тоқу, киіз басу т.б. үйретеді, өсе келе олардан бәрін талап етеді». Қыздарды қол ісіне жас кезінен үйреткендіктен, өскен кезде олардың киіз басу шеберлігі аса жоғары болған. Ол жөнінде қазан төңкерісіне дейінгі қазақ өлкесіне байланысты орыс тарихнамасында мәліметтер мол кездеседі. Мәселен, киіз басушылар мен қазақ киізінің сапасы жөнінде И.Я. Словцов былай деген еді: «Қазақтар киізді тамаша тапқырлықпен өте тез және сапалы етіп басады. Бұл жөнінде орыстың киіз басушылары олармен жарысқа түсе алмайды».