Зергерлік өнер

Қазақтың зергерлік өнері – тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп. Дәстүрлі зергерлік өнерде шеберлер әр түрлі құрал-саймандарды өздері жасап пайдаланған. Оларға мыналар жатады: көрік, қышқаш, төс, сым тартқыш. Зергерлердің аса көп жасайтыны – әйелдердің әшекей бұйымдары. Қазақ әйелдері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан. Бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті алқалардан құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектер аса көзтартарлық әсем болады. Қатар-қатар тізбектелген тастар қондырылып жасалған тамақ алқа асыл матамен әдіптеледі. Ал інжу-маржан қадалған тамақшалар – қыздар жиі тағатын бұйымдар. Кеудеге тағылатын әшекейлер қатарына түрлі-түсті, сәнді түйреуіштерді, асыл тасты тұмарларды, небір қымбат тастармен безендірілген таналар мен күмістен соғылған түймелерді, ілгешектерді жатқызуға болады.