Жетіген жасау және орындау өнері

Жетіген – қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады. Жетіген - жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап Жетіген аталған. Көне жетігенде құлақ болмаған. Ішектердің астына екі жақ шетінен асық қойылған. Аспап осы асықтарды жылжыту арқылы күйге келтірілетін болған. Даусын көтеру үшін асықтарды ішектердің екі жақ басынан ортасына қарай жақындатқан, ал оларды кері жылжытып, араларын алшақтатса дауыс төмендеген. Әрбір ішектің бұрауын келтіргенде орындалатын әннің, әyeнi басшылыққа алынған. Осы арада айта кетелік, домбыраны күйге келтіргенде тек ішектерді қатайтып не босатып қана қоймайды, сонымен қатар тиек пен шайтан тиекті жылжыту арқылы да бұрауын реттейді. Бұдан көретініміз, жетіген мен домбыраны күйге келтіру әдісінде кейбір ұқсастық бар. Ішектерінің бұрауы бұрынғыша келтірілетін домбыралар әлі де кездеседі. Ондай домбырада құлақ жалғыз болады. Жоғарғы ішек қолмен керіліп аспаптың басына байланады. Екінші ішек құлаққа бекітіледі және оны жоғарғы ішектің дыбысына келтіріп бұрайды. Жетігенге қүлақ жасағаннан кейін де оның ішектерінің бұрауын келтіруге тиекті пайдалану принципі сақталып қалды. Жетіген талай жүздеген жылдар өтсе де сол баяғы қарапайым күйінде қала берді. Ішек саны жетеу, тиегі асық.