Теңге ілу – ат үстіндегі сайыс
Қазақ халқының материалдық емес мәдени мұраларының тағы бір бөлігі. Ойынға қатынасушылар тепе-тең екі топқа бөлінген. Әрқайсысы жеке-жеке шыбықты ат қылып мініп жерде 20-дан астам метрге сызылған шұңқырға тас салып, сол тастарды еңкейіп, аяқтың астынан таяқты шығармай жүгіріп, тастарды таяқпен бөгелмей жылдам алуға тырысқан. Бұл ойынға балалар қатынасқан. Бертін, ойынға ат мінер адамдардың ерекше қызығушылығы артып, бұл ойынды ат үстінде өткізген. Сайысқа қатысушы жігіттер үлкен атмінерлік шеберлікпен және жылдамдықпен шауып келе жатып ат үстінен жерде бір сызықпен тура қойылған теңгелерді іліп алып, жинап сайыстың жеңімпазы аталған. Теңге ілу сайысы үлкен тойларда ерекше қызығушылық танытқан және ел алдында жігіттің атмінерлік шеберлігін көрсеткен. Ат шабысының жылдамдығына байланысты сайыс 100-150 метрге созылған. Кейде, тойларда бойдақ жігіттер өздерінің атмінерлік өнерін көрсету арқылы болашақ жарларына көз салып, өздерін мықты жігіт ретінде таныстырған. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіңдегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады. Тенгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болған. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналынады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұнқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер шауып келіп, сол ағынымен шұнқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі. Теңге ілу ойыны үлкен тәрбиелік мәні бар, ата баба заманынан келе жатқан ойындардың бірі. Теңге ілу ойыны арқылы жігіттердің денесі шынығып, қанды шайқаста аттан түспей түсіп қалған қару жарағын алып, жарақат алған жігіттерді көтеріп алуға дайындалатын көшпелі қазақтардың қасиетті спорт түрлерінің бірі.