Садақ ату

Бағзы заманнан бері көшпелілердің иығынан түспеген, қазақтың дәстүрімен біте қайнасқан қымбат мұра бар. Ол – садақ. Қазақ тарихында оқ пен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер әр заманда болған. Бірі адырнасын сайлап, аңға шықса, екіншісі соғыста жаудың бетін қайтарған. Садақ ату спорты әлем халықтарына ортақ мұра десек те, осы бір жауынгерлік өнердің ұшар басында түркілер тұрғаны ежелгі тарихтан белгілі. Зерттеушілердің пікірінше, адамзат тарихында алғаш рет мергендер қосынын дүниеге әкелген ғұндар дейді. Біздің ата-бабаларымыз ғұндардың тікелей мұрагері екенін ескерсек, садақ ату өнері қазіргі түрік халықтарын түп-тамырымен табыстыратын идеологиялық үрдіс.