Асық ойыны (Асық ойындары) 2017 жылы ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген.
Асық ойындары – Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлттық ойындардың ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.
Асық қазақ халқының, ырымдарында қадірлі сүйектің бірі. Баланың ермегі, ойыншығы, сүйікті ойыны болған. Асық атаулары:
Құлжа – арқардың аталығының асығы
Сақа – арқардың асығы
Жабайт – еліктің асығы
Асық – қой мен ешкінің асығы
Шүкімайт – қозы мен лақтың асығы.
2017 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында «Қазақ дәстүрлі асық ойыны» ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Чеджу қаласы, Оңтүстік Корея, 04 - 09.12.2017).