Тұсаукесер

Бала өмірінің үлкен белесі. Өйткені, бала бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, қадам басқан кезде, тұсауын кеседі. Басқа-басқа дәл осы тұсау кесерде кімде болса қолына пышақты ұстап тұрып, «біссміллә» деп бастайды. Тұсаукесердің түпкі мақсаты – баланың қуанышын бөлісіп, алғашқы қадамына жақсылық тілеу. Яғни, сәбидің жүргеніне қуанып, оны ағайынмен бөлісіп және көпшілік алдында балаға игі тілектер айту. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ халқы көп жерде тұсаукесерде ала жіп қолданған. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындаған. Мұнда да «бөтеннің ала жібін аттамайтын адал азамат болсын» деген өте жақсы ниет жатыр. Бұл – тіршіліктің нышаны. Тұсаукесерде қолданылатын ала жіпті бала өскенде өзгенің «ала жібін аттамасын», «ұрлық қылмасын», «қиянат жасамасын», «жаман жолға түспесін», яғни «біреудің дүниесіне көз тікпесін, қолын сұқпасын» деген ниетпен дайындайды. Ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап береді. Тұсау кесетін адамды ата-ана алдын-ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ал ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген.