Наурыз:
2016 жылы «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркменстан, Түркия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Үндістан, Иран Ислам Республикасы, Ирак, Монғолия). Наурыз – парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Табиғаттың түрленіп, тіршілік атаулының жаңаратын мезгілі. Наурыз – көне мейрам. Белгілі тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев «Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады» деген пікір білдіреді. Ұлыстың ұлы күні Орта Азия халықтарының Жаңа жылы саналады. Қазақ халқы Наурыз мерекесін күн мен түннің теңесетін, жаңа күннің бастауы деп тойлаған.
Наурыз қазақ жерінде ертеден бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан дәстүрлі мейрам. Кеңес үкіметі бұл мерекені «діни мейрам» деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға тыйым салды. Мағжан Жұмабаев «Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы» деп сипаттаған. Тек араға 62 жыл салып ұмыт бола бастаған Наурыз мейрамы қазақ жеріне 1988 жылы қайта оралып, тойлана бастады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылдың 15 наурызында «Наурыз мейрамы – халықтық көктем мерекесі» деген ресми атауын алады. Ұлыстың ұлы күні Наурыз көже дайыналады. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар қосылады. Наурыз мейрамында алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар – көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, теңге ілу т.б. ойналады.
Наурыз мейрамы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.
2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия атынан Наурызды адамзаттың ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Аддис-Абеба қаласы, Эфиопия, 28.11 – 02.12.2016). 2024 жылы Наурыз мейрамын атап өтетін елдер қатарына Моңғолия қосылды. Моңғолияда 130 000-нан астам қазақ тұрады, олар ел халқының 4% құрайды.