Бастаңғы – қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, бастаңғы жасалады. Бастаңғының екі түрлі тәрбиелік мәні бар. Алғашқысы баласының үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына жол ашу; қонақ күте білуге баулу. Енді бірі – қызды қазан-аяқ ұстауға, дастархан жасай білуге, т.б. үйрету.
Тоқымқағар – үйдің иесі жолаушылап кеткен кезде, үйге аман-есен, тез оралсын деген ниетпен, үйде қалған жақындары көрші-қолаң, туыстарын шақырып, ас әзірлеп, жолаушылап кеткен адамға тілекші болып, аман оралуын, ісінің оңғарылуын тілеп бір шәугім шәйін ішіп отыратын салт.
Ерулік – дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз таттырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылады.