Сыбызғы жасау және тарту өнері
Сыбызғы – қазақ халқының төл аспаптары қобыз, домбырамен қатар аталатын ұлттық үрмелі саз аспабы. Сыбызғы үрмелі аспаптардың көне түріне жатады. Тарихи деректерде сыбызғының ХҮІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласында кең тарағаны туралы айтылады. Орыс зерттеушісі Алексей Левшин 1932 жылы Санкт-Петербургтан шыққан «Описание киргиз-кайсацских орд и степей» деген еңбегінде «қылқобыз және сыбызғы қазақтың басты аспаптарының бірі» деп жазған. Ал кей деректе «они имеют так называемые сыбызғы, сделанные из толстой стволистой травы и деревянные, обвитые толстою нитью с несколькими дырками» деп кездеседі. Ертеректе қазақ сыбызғышылары көп жағдайда сыбызғыны қурайдан, қамыстан жасап тартқан. Ғалым Құдайберген Жұбанов қазақтың инструментінің біреуі «сыбызғы». Негізгі түбір болатын «сыбыз» сөзі ұяң дыбысқа аяқталып тұр. Мұндағы ұяң «з» дыбысын қатаң «с» дыбысына айналдырсақ, «сыбыс» болады. «Сыбыс» қазақша дыбыс дегеннің бір тарауы, сонымен қатар бұл сыбызғы қамыстан, қурайдан жасалатын болғандықтан қамыс та алғашқы әзірде осы сөзбен аталып кеткен. Қазақша қамыстың бір аты - сыбыс. Көп жерде бұл сөз сақталмаған. Бірақ ұзын бойлы, жіңішке нәрсені таныту үшін сын есім етіп «сидиған» түрінде пайдалану әр жерде де бар. Сүйтіп «сыбыз» деген сөз бірінші жағынан - дыбыс, екінші жағынан - сол дыбысты шығаратын құралдың аты болса, үшіншіден: сол құрал болатын заттың аты - қамыстың аты болады.