Қорқыт Ата мұрасы: эпикалық мәдениет және музыка 2018 жылы «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия).

2018 жылы «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия). Қорқыттың есімімен қобыздың пайда болуын байланыстырады. Халық арасында кеңінен таралған аңызда, Қорқыттың асқан күйші және түрлі музыка аспаптарын жасаушы шебер болғандығы, қобызды өзі жасағандығы айтылады. Жалпы, Қорқыт – түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, ақын, сазгер, түркі әлемінің фольклорында кеңінен тараған аңыз тұлға. Ол түркі тілдес халықтардың бірден-бір көне мәдениет ескерткіші – «Кітәби дәдем Қорқыт» («Қорқыт ата кітабы») жырының негізгі кейіпкері, әрі авторы саналады. Бұл жырлар бізге екі қолжазба түрінде жетті. Бірінші нұсқасы 1815 жылы Дрезден кітапханасынан табылса, екінші нұсқасы ХХ ғасырдың соңында Ватикандағы архивтен табылып отыр. Аңыз бойынша, Қорқыт VIII-IX ғасырларда Сырдария жағасында өмір сүрген екен. Зираты қазіргі Қызылорда облысында орналасыпты. Бұл мола 1952 жылы Сырдарияның тасуынан кейін шайылып кетіпті. Жалпы, Қорқыт туралы көп аңыз-әңгімелер және жыр-шумақтары бар. Солардың бірі оның дүниеге келуіне арналса керек. Қорқыт туған кезінде, Қара аспанды су алған, Қара жерді құм алған, Ол туғанда ел қорқып, Туғаннан соң қуанған. «Қорқыт күйлеріне терең философиялық тебіреніс, элегиялық көңіл-күй мен майда қоңыр лиризм тән. Күйші шығармаларында халқы мен елінің тағдырын, болашағын ойлап, көкірегі қарс айырыла қамығады, адамдардың қайғы-қасіретіне ортақтасып, мұң-шерін бөліседі. Өмірдің мәні, бақытты ғұмыр жайында тебіреніп ой толғайды. Күйші қобызы бірде тағдырдың қайғысы мен мұңын шертіп, ботадай боздайды, бірде мәңгілік өмір мен сұлулық жырын төгіп, аққудай сызыла сұңқылдайды» дейді Қорқыт күйлерін зерттеуші ғалым Мұсабек Жарқынбеков. Қорқыт Ата мұрасы Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия мемлекеттерінің ұсынысымен ЮНЕСКО ұйымының «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілген (Порт-Луи қаласы, Маврикий, 26.11 - 01.12.2018).