Қара өлең

Қара өлең – қазақ ауыз әдебиет нұсқаларында өзіндік орны бар дәстүрлі, поэтикалық жанр. Қара өлеңде сезім, көңіл-күй басым болады. Айтушы адам өз жанынан суырып салып айтуы да мүмкін немесе жаттанды канондарды пайдалануы да мүмкін. Қара өлеңді ақындар айтқан. «Қазақта әу демейтін кісі жоқ» деген тәмсіл осы қара өлеңге байланысты айтылса керек. Қара өлеңнің мазмұны айтушының көңіл-күйіне байланысты болуы ықтимал. Ол ішкі жан дүниесіндегі тебіреністі қара өлең арқылы сыртқа шығарады. Қазақтың қара өлеңі туралы алғашқы пікірді айтқан ғалым Ш.Уәлиханов. Ол өзінің «О формах казахской народной поэзии» атты мақаласында былай деген: «В спети существуют теперь следующие формы поэзии: 1. Жыр, который достаточно объяснен мною. 2. Жылау – подробная песня...3. Кайм – песни, употреблямые при свадьбах, состоящие в вопросах и ответах между молодыми людьми и девицами...4. Кара олен – обыкновенная песня, она состоит из четырехстишии, заключающих в себе каждая отделную идею. Эти песни поются более для голоса. Часто четырехстишие не имеет никакого смысла. 5. Олен. Это форма употребляется теперь всеми новейшими поэтами как для ипровизации..» Қазақтың ұлы ғалымы осы қысқаша сипаттамасында қара өлеңнің табиғатын нақты түсіндірген. Расында қазақтың қара өлеңінің формасында бұлжымайтын заңдылық бар. Қара өлең шартты түрде төрт жолдан тұрады. Оны «төрт таған» деп те атайды. Қазақтың өлең құрылысында 11 буынды өлеңді «қара өлең ұйқас» деп атайды. Онда негізінен бірінші, екінші және төртінші жолдардың соңғы сөзі ұйқасып келу шарт.