Қара жорға – буын биі

Қара жорға – қазақтың дәстүрлі билерінің бір түрі. Аттың жүрісін немесе салт атты кісінің қимылын салып билейтін бейнелі би. Қара жорға шыдамды, жүрісті деген мағынада келеді. Жалпы билер ғұрыптық, тұрмыстық, көңілді (әзіл-қалжыңға негізделген) және көпшілік сияқты мағыналы түрлерге бөлінеді. Қара жорға биі осы топтың көпшілік болып билейтін түріне жатады. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ үшін ат – ер қанаты. Бейбіт күнде де, соғыс, жаугершілікте де ат – серік, күш, көлік. Халық арасындағы аңыз бойынша, қара жорға биінің шығуы жылқыны төрт түлік ретінде қолға үйреткен заманға жетелейді. Түз жылқысын шалмалап ұстап алған жігіт оны қолма-қол үйретіп, ауылына мініп келеді. Жылқы қара, əрі жорға екен. Өз табысына қуанып шаттанған əлгі жігіт алдымен атын ойнақтатып, ат үстінде, онан соң жерге түсіп билейді. Осыдан бастап би Қара жорға аталыпты-мыс. Тағы бір аңыз бойынша, ел ішінде ертеректе бұл биді «Қамбар ата» деп атаған. Қамбар ерте заманда даладағы жабайы жылқыны ең алғаш қолға үйреткен ат бапкері, ат сыншысы, аттың тілін білген ат перісі. Ол даланың жабайы жылқысының ішінен, шу асау қара айғырды ұстап ноқталап мініп, алғаш ат арқасына қонған адам. Бір күні қара айғыр жоғалып, Қамбар қасына жолдас-жораларын ертіп, қара айғырды іздеп үш ай жүріп таппай келеді. Қатты бауыр басып қалғаны соншалық, жолдастарына қара айғыр былай жорғалаушы еді деп билей жөнеледі. Сонда достары көз алдарына қара айғырдың жүрісі айнымай келгенін айтады. Бұл биді – Қамбардың «Қара жорға биі» деп атайды. «Қара жорға биі» осылай жұрт ішіне тарап кетеді. Осы аңызға сүйеніп қазақ халқы жылқы баққан жылқышы Қара жорға биін билесе, малына қасқыр шаппайды, малы төлді болады, отбасы аман, көңілдері көтеріңкі болады деп ырымдаған.