Қазақ халық ауыз әдебиетінің дидактикалық қысқа жанрлары

Халық ауыз әдебиетіндегі ұсақ жанрлар деп аталатын жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өтірік өлеңдердің балалар фольклорынан алатын орны ерекше. Жұмбақ – адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Жаңылтпаш – қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Мақал – нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі. Мәтел – өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын.