Қазақтың жыраулық дәстүрі

Қазақ руханиятының асыл мұрасы, баға жетпес рухани қазынамыз, шоқтығы биік бір саласы – жыраулық өнер. Ордада ханның қасында әр уақытта ақылшы жыраулар болған. Жыраулар - халық поэзиясын жасаған ақылғөй даналар. Олар өздері куә болған заманының елеулі уақиғаларын, тарихи кезеңдерді жырға қосқан. Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халық жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Қазтуған жыраулар өмір сүрді. Жырауларды халық қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел шетіне жау келген кездерде ақыл, кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды. Жырау деген атау «жыр» сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған. Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары - туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау.