Жарапазан – рамазан айында ересектер мен балалар айтатын өлең
Жарапазан – ғұрыптық ән жанрына жатады. Жарапазан ораза мезгілінде кешкісін ауыз ашылғаннан кейін немесе таңға жуық сәресі ішер алдында, не кейін айтылады. Жарапазан айтушылардың кенеттен келгенін кейде үй иесі байқамай қалады. Жарапазан айтушылар сырттан есіктің алдында немесе терезенің маңында айтқан жарапазандарын үйдің ішіндегі адамдар анық естиді-ау деген жерден үй иесіне қаратып сол үйдегі адамдарды немесе үйдің әдемі көзге көрінер артықшылықтарын мадақтап, ол үйге құдайдан байлық, бақ-береке амандық тілейді. Өткізген күнә-кемшіліктері болса Алланың кешіруін сұрау арқылы үй иесінен тарту-таралғы дәметеді. Үй иесінің есік алдына алып шыққан тарту таралғысына қарай ризалық кейіп танытып, оразаның батасын жасайды. Тарту-таралғы беретіндер көбіне жақсы жемектіктер немесе орамалға түйілген ақшалай силықтар береді. Үйді және үй иесін қалай мадақтап айтылғаны туралы мәтіндерді фольклортанушы ғалым А.Тойшанның жарапазан туралы мақаласынан және М.Ғабдулииннің жарапазан жыры жазылған еңбегінен көруге болады. Қазақтың әр даласында айтылатын жарапазанның мақам-сазы әртүрлі. Кейбір өңірлерде әуенсіз тақпақ түрінде де айтыла береді.