Ертегі, аңыз-әңгіме айту дәстүрі
Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза.
Ертегілер жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді:
1) жануарлар туралы ертегілер;
2) қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер;
3) хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер;
4) тұрмыс-салт ертегілері.
Аңыз әңгімелер – халық ауыз әдебиетінің жанры. Оқиғасы шындық өмірден алынғанымен, ауызша айтылып таралғандықтан, фольклорлық сапалармен толыққан көркем шығарма. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Мұндай адамдардың ел үшін еткен еңбегі, қамқорлығы, халық намысын қорғауы, сол жолда жасаған игілікті іс-әрекеттері ел аузында аңыз әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Аңыз әңгімелерде халықтың қоспасы болғанымен, негізгі ой түйіні барлық жерде бірдей сақталады. Оқиға желісі күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сюжетке құрылған аңыз-әңгімелерде ертегілердегідей әсіре қиялдау көп кездеспейдi.