Бесік жыры

Бесік жыры – 1-5 жас аралығындағы кішкене сәбиді бесікте тербетіп отырып айтатын балалар фольклорына жататын тұрмыс-салт жырларының бірі. Бесік жырының мазмұнында жас сәбидің бесіктен бастап ержеткенде халқының қалаулы, елінің елеулі азаматы болып өсуіне деген анасының мейірімі мен сәбидің болашағынан зор үміт күтетін үлкен арман тілегі айтылады. А.Байтұрсынұлы зерттеулерінде бесік жыры туралы былай дейді: «Бесік жыры немесе бала тербету. Баланы ұйықтату үшін айтылатын өлең. Бала тербету түрліше айтылады, бірақ бәріне бірдей жалпы келетін де жерлері бар» деп бесік жырына түсінік бере кетеді. Музыкалық ерекшелігі жағынан бесік жыры орындалғанда бесік тербелісінің ырғағына сәйкес біркелкі қарапайым әуенде жұмсақ тембірде айтылады. Ән басталғандағы тұрақты дыбысқа негізделіп әуен біркелкі жүреді. Сызылған жұмсақ, жағымды әуеннің әсерінен бесікте жатқан сәби қалай ұйықтап қалғанын сезбей қалады.