Алпамыс батырдың хикаясы

Жыр нұсқаларында ХІV-ХVІ ғасырлардағы қалмақтардың тарапынан жасалған соғыстарға байланысты оқиғалар баяндалады. Жыр сюжеті ежелгі оғыз аңыздарынан бастау алады. Жырдың қазақ, қарақалпақ, өзбек, башқұрт, татар версиялары мен алтайлықтардың ертегілік нұсқасы сақталған. Жырдың ұлттық нұсқаларында Алпамыс батырдың Қоңырат тайпасынан шыққаны, жері Жиделі-Байсын екені айтылады.

Көпшілікке арналған жиын-тойларда, салтанатты мерекелік іс-шараларда, жыр айту байқауларында орындалады, дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған телехабарлар мен YouTube желісі арқылы таралады. Түркістан, Қызылорда облыстарында «Алпамыс батыр» жырын орындау дәстүрі сақталған. «Qazaq epos» ағарту жобасы аясында 2019 жылы «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауда «Алпамыс батыр» жыры орындалды.