Ұлы хан есімі ұлықталды

Жуырда қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттілігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан ұлы қолбасшы, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың айбынды ханы Абылайдың туғанына 315 жыл толуына орай еліміздің әр өңірінде тағылымы терең, мазмұны мәнді ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Маңызды шаралардың бірі Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясы музей-кешенінде өтті. Ұлы ханның есімін ұлықтап, тарихи мұрасын дәріптеуге бағытталған басқосуға қала тұрғындары және қонақтары, еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, музей және мәдениет саласының мамандары қатысты.

Салтанатты шара барысында қатысушылар Абылай хан ескерткішіне тағзым етіп, ұлт тарихындағы дара тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі Абылай ханның ел бірлігі мен қазақ мемлекеттілігін нығайту жолындағы тарихи еңбегін ұлықтаудың, оның өнегелі өмірі және мемлекетшілдік мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің символдық көрінісіне айналды.

Атаулы іс-шара аясында «Абылай хан мұрасы: тарих, тағылым және ұлттық құндылықтар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, онда ұлы ханның тарихи тұлғасы мен мемлекет қалыптастырудағы рөлі жан-жақты зерделенді.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары, профессор, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева қатысып, «Абылай хан тұлғасын музей кеңістігінде репрезентациялау» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ғалым өз баяндамасында Абылай ханның тарихи тұлғасын музей кеңістігінде таныту мен дәріптеудің ғылыми-танымдық және тәрбиелік маңызына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Ұлттық музей қорындағы Абылай хан дәуіріне қатысты құнды жәдігерлер (Абылай ханның шапаны, антропологиялық реконструкциясы, мөр-жүзігінің көшірмесі мен т.б.) және тарихи деректерді таныстырып, оларды музей экспозициялары мен көрме жобалары арқылы көпшілікке ұсынудың маңызын атап өтті. Музей қорындағы жәдігерлердің тарихи кезеңді нақты деректер негізінде пайымдауға мүмкіндік беретінін айта отырып, ұлы тұлғаның бейнесін заманауи музей құралдары арқылы жаңаша зерделеу мәселелеріне де басты назар аударды.