Сақ және сармат дәуірлеріне арналған көрме ұйымдастыру жоспарланды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне Мажарстан Ұлттық музейінің директоры Габор Жигмонд арнайы сапармен келіп, музей экспозицияларымен танысты. Қонаққа тарихи-мәдени мұралар, археологиялық жәдігерлер мен бірегей залдар бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Кездесу барысында ҚР Ұлттық музейі директоры Берік Әбдіғалиұлы және Габор Жигмонд екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты талқылады. Тараптар қазақ және мажар халықтарының тарихи байланысына тоқталып, сақ, сармат, ғұн мен қыпшақ тайпаларының ортақ мәдени мұрадағы орны ерекше екенін атап өтті.

Сондай-ақ, алдағы жылдары Мажарстанда сақ және сармат дәуірлеріне арналған халықаралық көрме ұйымдастыру жоспары айтылды. Жоба екі елдің ортақ тарихи мұрасын насихаттап, ғылыми-мәдени байланысты нығайтуды көздейді.

Өз кезегінде Габор Жигмонд Ұлттық музейдің ауқымды экспозицияларына жоғары баға беріп, қазақстандықтардың тарих пен мәдени мұраға қызығушылығын ерекше атап өтті. Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.